​Алексей Маклюков: «Оларға көп кеңістік беріп қойдық»

1 maýsym

Норвегиядан жеңілген Қазақстан құрамасы плей-оффтағы кепілді орынды уыстан шығарып алды. Енді барлығын Канада – Финляндия матчының нәтижесі шешеді. Матчтан кейін қорғаушы Алексей Маклюков журналистердің сұрақтарына жауап берді.

- Топтық кезеңнің қорытындысы бойынша не айта аласыз? Және ертеңгі Финляндия мен Канаданың нәтижесіне тәуелді плей-оффқа кіру мүмкіндіктеріңіз жайлы не дейсіз?

- Бүгінгі ойынды қоспағанда, турнирді жақсы өткіздік. Енді нәтиже біздің қолымызда емес. Ертең қалай ойнайтынын қарап, күтетін боламыз. Бүгінгі ойынмен орынды белгілегіміз келіп еді, алайда болмады.
- Норвегиялықтар сіздерге қарағанда плей-оффтағы орын үшін ойнаған жоқ. Жауапкершілік соншалықты қысты ма?
- Аса қысым болды деп айта алмаймын. Не айтарымды білмеймін. Алдыңғы алтауы сияқты ойынға шықтық. Алайда неге қиыс кеткенін түсіндіре алмаймын. Алайда дайындық пен құлшыныс жағынан алдыңғы матчтардағыдай болды.
- Матчтың алдында-ақ қарсыластың қорғанысы мықты делінді, бұл қақпаға соққы жасауға мүмкіндік бермеді ме?
- Егер алдыңғы ойындардағыдай басынан бастап тықсырғанда, қорғаныстың қандай болғанына қарамастан қарсылас титықтап, тек қорғанумен болар еді. Неге екенін білмемін, біз мұны жасай алмадық, көбірек мүмкіндік беріп қойдық. Тек гол соғуға емес, жалпы ойын бойы. Біз сәл бәсеңсіп, көбірек кеңістік бердік. Олар мұны сезді де, өздерін қолға алды. Жеңістің ауылы алыс емес екенін түсінді, аймақта бекініп алды да, қарсы шабуылға шықты, нәтиже осындай болды.