​Қазақстан құрамасы ойыншыларының ауысу кестесі. 1-бөлім

13 shilde

Клубтардың ауысу науқаны аяқталуға таяды. Назарларыңызға Қазақстан құрамасы ойыншыларының ауысу кестесін ұсынамыз. Алдымен ҚХЛ клубтарын толықтырған ойыншыларға тоқталайық.

«Сарыарқадан» Никита Бояркин, «Торпедодан»Андрей Шутов «Барысқа» өтті.

Елордалық клуб бірден Қазақстан құрамасының екі қақпашысымен толықты. Бояркин өткен маусымда «Сарыарқа» үшін өнер көрсетіп, Pro Ligasy-да 45 матч ойнап, оның 33-інде жеңіске жетті. 14 «шатаут» жасады. Қарағандылықтармен бірге ел чемпионатының «алтынын» иеленді. Орта есеппен ойын барысында 1,53 шайба өткізіп, соққылардың 93,66%-ына тойтарыс берді. Латвияда өткен әлем чемпионатының жаңалығы болды, команданың дебютанттары қатарында 6 матч өткізіп, оның 4-еуінде жеңіске жетті. Соққылардың 92,9%-ына тойтарыс беріп, осы көрсеткіш бойынша турнирдің голкиперлері арасында бесінші орын алды.

Қазақстан чемпионатының тағы бір қақпашысы – Андрей Шутов өз күшін ҚХЛ-да байқап көреді. Бұған дейін ол өзі өсіп-өнген өскемендік «Торпедо» құрамында ойнап келді. Pro Ligasy-ның өткен маусымында өзі қатысқан 25 матчтың 19-ында жеңіске жетті. Соққылардың 92,5%-ына тойтарыс берді, сенімділік коэффициенті – 1,3. Ел чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды. 2021 жылғы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы қатарындағы алғашқы матчы Канадаға қарсы ойын болды, 3 шайба өткізіп, 32 соққыға тойтарыс берді.

«Торпедолық» Кирилл Савицкий «Барысқа» өтті (сынақ келісімшарты).

Өткен маусымда өзі өсіп-өнген өскемендік «Торпедо» үшін ойнады, команданың үздік бомбардирі атанып, Pro Ligasy-ның қола медалін иеленді. 52 матчта 40 (12+28) балл жинады. Мамыр айында Қазақстан құрамасы үшін элиталық дивизионда өткен әлем чемпионатында дебют жасады, 6 матч өткізді. Бұған дейін «Барыс» жүйесінде ойнап көрген, үш маусымын «Номад» құрамында өткізді.

«Барыстық» Кирилл Панюков «Ак Барсқа» ауысты

Өткен мауымда 24 жасар шабуылшы ҚХЛ-дағы өзінің ең жақсы маусымын өткізді. Елордалық мектептің тәрбиеленушісі. Форвард команданың бірінші тобына еніп, тұрақты чемпионатта 33 матч өткізді және 16 (8+8) ұпай жинады. 6 кездесуден 7 (4+3) балл жинап, плей-оффтың үздік бомбардирі атанды. Сондай-ақ элиталы дивизиондағы әлем чемпионатында құраманың дебютанты болды. Онда да өзін көрсетіп, 7 матчта 2 шайба салды. Маусымаралықта форвардқа магнитогорсктік «Металлург» қызығушылық танытты, алайда «Барыстың» қайта білдірген ұсынысынан кейін қазақстандық үшін «Ак Барс» күресті күшейтті. Нәтижесінде қазандық клубпен екіжылдық келісім жасалды.

«Барыстық» Антон Сагадеев«Локомотивке» өтті

Антон Сагадеев елордалық клубта соңғы 4 жылын өткізіп, 50 және одан да көп матч өткізетін тұрақты орталық ойыншы болды. Өткен маусымда 57 кездесуге қатысып, 10 (5+5) ұпай жинады. Лигада барлығы ол 246 ойын өткізіп, онда өз қоржынына 53 (23+30) ұпай салды. Ригадағы әлем чемпионатында барлық 7 матчқа қатысып, 2 ассистенттік балл алды. Мұнан басқа, бірінші дивизионда құрама үшін А тобында үш рет өнер көрсетті. «Локомотивпен» бір жылға біржақты келісімшарт жасасты.