​Қазақстан құрамасы ойыншыларының ауысу кестесі. 2-бөлім

15 shilde

Қазақстан құрамасындағы ауысулар кестесімен таныстыруды жалғастырамыз. Екінші бөлімде де келесі маусымды ҚХЛ-да өткізетін хоккейшілерге тоқталамыз.

«Барыстық»Павел Акользин «Металлургқа» өтті

Өзіне мығым, командасы үшін беріспейтін «Барыстың» салмақты шабуылшысы. Елордалық клубпен келісімшарттың мерзімі өткен алғашқы күні Акользин «Металлургпен» бір жылға келісімшарт жасасты. Бұған дейін 30 жастағы хоккейші ҚХЛ тұрақты чемпионатында 41 матч өткізіп, 6 (2+4) ұпай жинады, плей-оффтың 6 ойынында нәтижелі ойын көрсетпеді. «Барыс» құрамында 2017 жылдан бері ойнап келеді.

Ригада өткен әлем чемпионатында 7 матчтың барлығына қатысты. Германиямен матчта жеңіс голын салды. Қазақстан құрамасы үшін 2017 жылдан бері ойнап келеді, сонымен қатар 1А дивизиондағы екі әлем чемпионатына қатысты.

«Барыстық»Алексей Маклюков«Металлургқа» ауысты

Нұр-Сұлтаннан Магнитогорскке аттанған тағы бір қазақстандық ойыншы – Алексей Маклюков. Қорғаныстағы мығым ойыншылардың бірі саналады. Өткен маусымда ҚХЛ тұрақты чемпионатында 41 матчта ойнады және 6 (2+4) ұпай жинады, плей-оффта 6 матч өткізіп, нәтижелі ойын көрсетпеді. Акользин сияқты «Барыста» 2017 жылдан бері ойнап келеді.

Ригадағы әлем чемпионатында барлық 7 матчқа қатысып, 2 ассистенттік бал алды, ал пайдалылық көрсеткіші +1 болды. Сонымен қатар 2019 жылы 1А дивизионда үйдегі ӘЧ-де өнер көрсетіп, біздің құрама «алтын» жеңіп, элиталы дивизионға жолдама алды.

«Барыстық» Дмитрий Шевченко «Авангардқа» өтті

Мамыр айының соңында «барыстық» Дмитрий Шевченко ақшалай өтемақы үшін омбылық «Авангардқа» аттанды. 25 жастағы хоккейші елордалық клуб үшін 2017 жылдан бері ойнады. Өткен маусымда ҚХЛ-да 52 матч өткізіп, 6 (1+5) ұпай жинады. Ригадағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы үшін 7 матчтың барлығында ойнап, Норвегия қақпасына шайба салды. 2019 жылғы әлем чемпионатында бірінші дивизионның А тобында еліміздің ұлттық командасы үшін дебют жасады.

Боб Хартли салмақты форвардтың «Авангардқа» ауысуына қатысты былай деді: «Маған Дмитрий Шевченконың ойыны бұрыннан ұнайтын. Мен ҚХЛ-да істеген үш жыл бойы оны бақылап жүрмін. Оның физикалық мүмкіндіктері тамаша, жақсы сырғанайды және аумаққа жақсы кіреді. Мен оны «Авангардтан» көретініме қуаныштымын».

Виктор Сведберг «Барыстан» ЦСКА-ға ауысты

Бойлы жігіттің ЦСКА-ға өтетіні туралы қауесет мамырдың басында-ақ тараған. Мәскеуліктермен ресми келісімді Виктор Сведберг Ригадағы әлем чемпионатынан кейін бір-ақ жасасты. Келісім үш жылға есептелген. Өткен маусымда хоккейші маусымның жартысын жарақатына байланысты өткізіп алды және ҚХЛ тұрақты чемпионатында 28 матч ойнап, +3 пайдалылық көрсеткішімен 8 (3+5) ұпай жинады. «Барыс» үшін 2018 жылдан бері ойнап келеді. Лигада барлығы 84 матч өткізіп, өз қоржынына 22 (6+16) нәтижелі балл салды.

Қазақстан құрамасы үшін өткен әлем чемпионатында алғаш рет ойнап, 6 матчқа қатысты және 4 (1+3) нәтижелі балл жинады. Италия қақпасына шайба салды.

Джесси Блэкер «Барыстан» «Автомобилистке» кетті

«Автомобилистпен» келісімді Джесси Блэкер мамыр айының басында жасасты, келісім екі жылға есептелген. «Барыс» құрамында 30 жастағы хоккейші 2018 жылдан бері. Өткен маусымда ҚХЛ тұрақты чемпионатында 45 матчта ойнап, 10 (3+7) ұпай жинады, плей-оффтың 5 ойынында шайба салып, көзге түсті. ҚХЛ-да барлығы 243 матч өткізіп, 70 (13+57) балл жинады. Ригадағы әлем чемпионатында 7 матчтың барлығында ойнап, Латвиямен ойында гол салды, турнир бойы барлығы 2 (1+1) ұпай жинады.